+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ҚАЗАНБАЙ


Қазанбай үйін Аймағанбеттің үйінің маңына апарып тікті. Күнде маңдайына жалау ілінген кеңседе кешкілік жиналыс өтеді, одан Қазанбайды да қалдырмайды. Күні бойы артельге әркімнен жиналған малды бағады да, қолы бос кезінде Аймағанбеттің айтуымен басқа тірліктерге араласады. Колхоз болдық, сен енді сол колхоздың мүшесісің деп бір қояды. Қазанбай сол баяғы дыбысын шығармай күлетін кәдісі, бұрыс не дұрыс болды-ау деп айтпайды. Сенің көзіңді ашамыз, сауаттандырамыз деп мектепке де тіркеді. Бұл түн баласына дейін ересектермен қатар қағаз-қалам ұстап, қалғып-мүлгіп бірдеңе оқыған болады, бірақ сан жағы болмаса әріптер санасына қонатын емес. Осылайша қанша жүретіні белгісіз еді, сол елде өзі сияқты тұлдыр жетім Күләш деген қызды Аймағанбет қолынан жетектеп қосына ерте келмегенде. Оны да бір туысқанының үйінен күңдіктен құтқарған екен. Алғашында сенімен бірге баспалай жүрсін десе де, кейіннен Қазанбайға осы қызға үйленесің деген қиғылық салды. Жақында ғана қара табан бадырақсың деп партияға қабылдаған, қызыл билетті қолына беріп тұрып колхоздың басқармасы Нұрыш деген кісі:

- Сен енді ел қатарына ендің... Өте жуас бола берме... Сені жұрт коммунист, белсенді дейді. Енді мына билетің жүргенде айтқан тапсырмамызды екі етпейтін боласың! - деп күлсе де, арғы жағында шын пейілі жатқан.

Бірақ өмірінде қанша жаңалық болып жатса да Қазанбай құдай берген мінезінен бір айнымады. Сол бұрынғысынша кім көрінгенге жалынышты адамдай күлетіні, ешкімнің жүзіне тура қарай алмай назарын төмен тастап, көзін алып қашатыны... Енді үйлену жағына келгенде де әуеліде басын сауғалап көріп еді. "Біле білсең бұл саған деген партиялық тапсырма, егер шаңырақ құрудан басыңды алып қашатын болсаң, мәселеңді колхоз жиналысына қоюдан тартынбаймын" деген соң, Қазанбайдың күлуге де шамасы келмей қалды. Себебі, Қазанбай колхоз жиналысының қалай өтетінін, бұл түгілі аузымен құс тістеп жүрген талай сұңғыланы, осы өңірдің байлары мен билеріне дейін жүндеп түтіп жібергенін талай көрген.

Жиналыста атын айтқасын Қазанбай жалтарып кете алмады да, Күләшпен отау тіккен. Алғашында азар-безері шыға қашқанмен, тіршіліктің мұндай құпиясын ашқанына наразылық айтып, құдайына күпір бола алмайды. Сол Күләш соңғы кездегі жетімсіреген көңілінің жұбанышына айналды. Бүкіл өмірінде көрген ақырет-азары, шеккен бейнеті, Жұқаш ағасының сотталып, ел асып, су асып белгісіз жаққа айдалып кеткенінің орнындағы олқы жерді бір әйел-ақ толтырып жатқандай. Сонда да болса жарық кезінде әйелінің бетіне тіктеліп қарауға қаймығады, көзі мен көзі ұшыраса қалса төмен қарап күлетін әдеті әлі де бар. Әйелі алғашында өзінен де өткен ұялшақ еді, кейде оңашада отырып күйеуіне қарап сықылықтап күлетінді шығарып жүр. Осы күлкілерінің ішінде екеуіне ғана белгілі құпия жағдаймен бір-бірінің бишара көңілдерін күйттегендей наз бар. Бір күні кешкілік Күләш:

- Қазанбай, құрсағымда бірдеңе қимылдайды, - деді.

- Ә-ә, солай ма? - Қазанбайдың өнебойын өрт шалғандай қалшылдап-дірілдеп кетті. Күлейін деп еді аузы жуысатын емес, сонда да болса өз-өзін тоқтатты. – Қимылдайды,-ә?.. Ол, сірә бала шығар... Қап, елден ұят болды-ау...

- Шын ба айтқандарың?  Елдің бетіне енді қалай қараймын? Бәрі енді сенің кесірің ғой... - Күләш бетін басып алды да өксіген күйі төсегіне құлай кетті. Иығы бүлкілдеп жылап жатыр. Қасында Қазанбай селтиіп біраз тұрды, жылаған әйелін не деп жұбатарын білмей, әуре-сарсаңға түсіп тұр. Әйтеуір бірдеңе деуі керек тәрізді.

- Күләш, қойшы енді, байқамай қалдым. Жұрттың бәрі сөйтетін көрінеді ғой...

- Иә, сағ-ған...

Қазанбайдың төбесінен біреу қайнаған ыссы суды аудара салғандай есінен адасып қалды. Оның ойына колхоздың жиналысы оралды. Ертеңіне мұны біреу шақырып алып, ал енді коммунист басыңмен қандай әрекет жасап жүрсің. Сен де боржойдың құйыршығысың. Итжеккенге Күләш екеуіңді қоса айдаймыз десе, не бетін айтады? "Бірақ, жақында ғана басқарманың әйелі бала туды ғой, оған ешқандай жаманат келген жоқ" деген екінші ой тағы сығалады. Сонда да болса, айтылған жайға көзін жеткізбек жайы бар.

- Кәне, өзім былай көрейінші. - Ол бүк түсіп жылап жатқан әйеліне батылсыздау қолын созды.

- Кетші-әй, әрман! - Пысылдап екі иінінен демалып жатқан Күләш төсегінен айналып кетіп еді, қолы ұмсынып барып құрсағының үстінен түсті. Ішінде біреу екі иығы бүлк-бүлк етіп, өзі сияқты күліп отырған сияқты.

- Енді қайттік?..

- Мен қайдан білейін?

Бұған дейін шат-шадыман күліп отыратын бұлардың әңгіме-сөзі сол күні тынып қалды.

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

317

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз