+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ҚАЗАНБАЙ - II


Адамзат аман болса мүсәпірсіз болмайды. Қазанбай да сондай тумысынан бишара, бітім-болмысы момыннан өткен сүмірейіп қалған байғұс, бірақ ақыл-есі түзу, ешкімнің бетіне жел болып тиіп көрген емес, тіпті, мал баласына да шәйт демейтін шығар. Адам қарасын сонадайдан байқаса, амандаспас бұрын күледі. Бұл енді сәлемдескені. Рабайда ғана: "Інішегім, кемпір-шалың бақуат па?" дейтіні бар. Оның да, осы дүниеде жазығы болса осы жалғыз ауыз сөзі мен мүсәпірлігі ғана. Өйткені, одан саулық сұрап, жай-жағдайын білетін жан жоқ, сұмдығы мен дәулеті бір-бірімен теке-тірескендер Қа-а-занбайды қайтушы еді, ерін ұшын жыбыр-жыбыр еткізіп, тапсыратын шаруасының өзін әмір бергендей шегелеп сөйлейді. Әйтеуір бірде бие, бірде түйе болып отыратын ағайынның байғұс Қазанбайға келгенде тіндері қатты.

Әлімсақтан, солай ғой өзі, бірімізді-біріміз кешіріп жатамыз, ал мүсәпірге кешірім жоқ. Қазанбай сондықтан да болар ешкімге өкпе айтпайды. Ренжісе, тумай жатып әке-шешесін қатар жалмаған құдайдың өзіне шағынар еді ғой, жаратылысында ондай мінезі болмағасын қайтеді енді. Айтылған шаруаның ау-жайын ұғып алғанша "Жарайды, жарайды" деп басын екшей күліп тұрады да, біраз бейнетті өзімен бірге көріп әбден ерғашты болған тор шолағына мініп қойдың ізінен кетеді. Қазанбайдың кім екендігін сол ауылдағы итке дейін сезе ме, қанша күшкәлағанда, ауыл шұңқырынан біреуі ерсейші соңынан. Түк таппаған төбеттер аш құрсағы қабысып тышқан ауласа да, қоймен бірге өрістеп қайтуға құлықсыз. Ал ауыл арасында үнемі ұнжырғасы түсіп жүретін байғұстың өзімен жүзбе-жүз келіп қалса, бос итаяқ көргендей  төрткөзденіп бұрылып кететінін қайтерсің.

Қазанбайды тұлдыр жетім кезінен қолға ұстап, басына пана болған орта бөксе дәулеті бар аталас ағайыны Жұқаш еді. Баладан өзі де тарығып жүрген байдың мұны көрісімен ет бауыры елжіреп кетпеген шығар, бірақ қанына тартқан болар, жұмсаған жағына тіл қайырмай аттанатын жуастығына, тапсырған шаруасын көңіліндегідей орындап қоятынына, тіпті, оның бұл дүниенің бейшарасы болғанына да қызыққан шығар. Оның үстіне таяу жылдары аяғына оралғы болатын бала-шағаның сыңайы және байқалмайды, бірақ Жұқаштың құдайдан үміті болғандықтан көңілінің хошы бар шағында: "Осы жаманды бір шүйкебасқа қосып, әруақтарды риза етсем, балаларының бір-екеуін бауырыма бассам, тегіне тартып құл болып кетер ме екен, қайтер екен?" деп, өз-өзінен отырып күбірлейтіні бар-ды. Сөй десе де бір қолын екі етіп отырған мүсәпір жігітті қақаған суық, қайнаған ыстық деген жоқ, бетін құладүзге қаратып шаруашылығына жұмсап салып отырды. Кей-кейде елім-делімі шығып қандай қиындық көріп жүрсе де "қыңқ" демейтін мінезіне қарап жаны ашиды, салғыласып ақы сұрап жатпаса да "мына жиырма қаралы тоқты сенің еңбегіңнің өтеуі" деп түсіндіріп қояды. Жоқ-жұқанадан құрастырып үстіне киім кигізеді, қазан-ошағына қарап қалған сараң бай емес, ас-суына да таршылық жасамайды. Тек, Қазанбайдың өзі, жеріне жеткен мүсәпірліктен де шығар, солардың біріне елп қуанбайтын тәрізді. Баяғы мән-мағынасыз залалсыз күлкісі. Ерте тұрады, кеш жатады, атқа мініп ойын-тойға барып қайтайын деген талабы жоқ. Шаруасы жай жаздың жұмсақ күндерінде шайды баптап қана ішетін Жұқаш:

- Қазанбай, қойыңның басы құдайға шүкір жыл санап өсіп келе жатыр. Ханның қызын алмасаң да өзің құралпы кедей шаруаға бәсін беріп, бір бәлекейді түсіруге қауметім келеді енді. Қандай ойың барын бізге де сездіріп қой, - деп бәйбіше-тоқалдың арасында тел өскен тайыншадай көлбеп жататын Жұқаш "Осы немең әтек емес пе?" дегендей байқастап көреді. - Айт көкейіңдегіні, біліп отырайық...

Қазанбай бет-моншағы үзіліп, жаңа түскен келіншек сияқты, бетін жеңімен жасырып төмен қарап күледі. Ол үшін үйлену деген шаңырақ көтеруден де басқа ұятты түсініктерді қозғайтын секілді, екі әйелдің көзінше бұндай әңгімені аузы барып айтып отырған байға іштей таң қалады. Жалпы бұл кісінің біреу емес, екі әйелді қатар алғанын күнәға екі мәрте батып жүр деп есептейді.

- Несі бар, үйленсе зіңгіттей жігіт емес пе? - Тоқал да қарап тұрмай бұның ұятты сезіміне ши жүгіртеді.

- Әй, жеңешекежан-ай, - Қазанбай басын тұқыртып, артық әңгімеге бара алмай бұқпантайлаған кезде, ішек тұсынан бірдеңе ойнап шығып, теңселтіп жібергендей көрінеді. Өз-өзінен өрттей жанады сосын. - Жеңешекежан-ай, мені ұялтпаңызшы енді...

Жұқаш рахаттана күледі. Санын шапалақтай рахаттана күледі.

- Әй, мынаның өзі қызық қой... Ұялғанда қайда барасың ұрпақсыз... Осы неме келеге келсе болар еді?!

Өйткені бұл дүниеде Қазанбай ұялмайтын тіршілік жоқ шығар. Оның мүсәпірлігінің түп тамыры, сол, өн бойын құрсаулап алған ұят деген түсінікпен астыртын астасып жатыр. Жұрт оған таң қалатын болса, бұл адам басына бір әйелден меншіктеп алып, одан туған балаларын төбелеріне хан көтеріп, жиын-тойда алдына жан салмай ұятыңды белінен басып сөйлеп отыратындарға таң қалады. Мүмкін, жарық күннің астында кім-кімнің де жүзіне тура қарай алмай төменшіктеп, ел аузында мүсәпір атануының себебі сонда шығар, әйтпесе көзін ашқалы бар өмірін мал соңында өткізген бұл секілді байғұстың елден ала-бөлек бүлдіріп тастаған ештеңесі жоқ. Тіптен, бұл дүниеге басы ұмсынып келе жатқан шарана төлге де туралап қарай алмай тайсалып кетеді, өйткені ту сыртынан біреу мұның ұятын аңдып тұрған сияқты. Ол ол ма, отыз жыл қойдың қиын басып жүргенде еркек болып қолына пышақ ұстап мал мауыздап көрген жан ба екен десейші. Ондайда аза бойы қаза болып, ауыл қабағынан асып кетеді.

Жері шүйгін, ықтасыны мол дегенмен, наурыздың алғашқы сәулесі түсісімен, алаөкпе болған бірлі-жарым жандықтар Жұқаштың отарында да кездеседі. Бірде ауыл шұңқырында Қазанбайдан басқа еркек атаулы наурыз көжеге кетті де, алаңсыз қойына шығып кеткелі жатқан, бәйбіше-тоқал бұған жетіп келді. Жаны шыққалы жатырған саулықтың тамағынан қан шығарып берсе өздері-ақ іреп-союып алуға құлшынып тұр. Еркек аты болғасын, бұрындары мал бауыздаудан басын алып қашатынын білсе де, қанжығасынан алып жібермейді. Әрі-бері жалынып көріп еді болатын емес, ердің қасынан шылбырын суыртпақтап алып, сол күйі есіктің алдына қадап қойды.

- Жеңешекежандар-ай, мен қорқамын ғой, - деді Қазанбай имандай шынын айтып.

- Сені-ақ періште қамайды да тұрады екен, неден қорқасың?... Ең болмаса пышақтың жүзімен тамағының астынан жүргізіп өтші, қан шығар ма екен...

- Қорқамын деймін,.. қорқамын. Тамағы қыр-қыр етіп, мауыздай бастағанда сөйлейді олар...

- Не дейді осы ит- шіркін. - Жұқаштың бәйбішесі айбатты адам еді, жанулы тұрған пышақты бұның қолына зорлықпен ұстатып тұрып, ертеден бері аяқтарын серпіп жаны шықпай жатқан қойға қарай желкесінен итере нұқып жіберді. - Жаныңа ғана сенің... Қой соймасаң етін қалай жеп жүрсің? Ұста арғы жағынан...

Тоқал мен бәйбіше Қазанбайға жабылып жүріп қалтырап жатқан қойдың қасына тізерлетті де қолының сыртынан баса ұстап тұрып жандықтың қыл кеңірдегінен бір-екі изеп қалды. Қойдың басы бір-екі кегжең еткендей болып тамақтан қан көрінді.

 

- Кет енді әрман итаяққа ұқсамай! - Бәйбіше "не күйге түстім?" деп отырған Қазанбайды тізесімен қағып жіберді.

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

168

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз