+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



АУЫЛ БАЛАСЫ


Мен өзім "Ата-әжемнің баласымын" дегенмен көкем мен жеңешемнен туғанымды жақсы білемін. Бала арқалаған кемпір көргеніммен, бөпе емізген әжені әлі кездестіргем жоқ. "Балам, балам" дегендерінің бәрі өтірік, баласының балалары. Үйге келгендер үлкенсіп: "Міне, жігіт. Әкеңнің аты кім өзі?" - деп жорта сұрайды. "Сердебай" деп атамның атын айта салам. "Дұре-ес... Аузынан түсіп қалғандайсың", - деп алдаусыратып тұрғаны. Кімге ұқсайтынымды өзім де білемін. Жеңешеме (шешем ғой) тартқанмын. Ол да бір болмай қалған жақсы адам. Анда-санда көкем мен жеңешем қай жақтағы қаладан қалта-дорбаларын арқалап келгенде, ешкімге білдіртпей қуанам да, кейіннен зықым шығады. Әже-ем, қайдан білсін... "Бала жатбауыр болып кетеді" деп, төсегімді солардың қасына салады. "Аяғыңды жу, мұрныңды сүрт, ақ шаңдақтан айғыздаған бетіңді қара" дей бергесін, төсектен сырғып түсіп, үйреншікті орынға тартып отырамын. Бұл жерде рақат, мұрныңның астына қара тас қатып қалса да, әжем етегімен қағып тастап, көрпеңді қымтап жатқыза қояды. Бір жаман жері... Көкем мен жеңешем қаншама жыл Ақтаңда тұрғанмен, жасым онға келгенше қаланың қарасына жуымаппын. Көп қабатты үйлер мен көгілдір көшелер жайлы "Ана тіліндегі" суреттерден ғана білемін. Қасымдағылар қала жайлы әңгіме қылғанда, башпайларыммен жер шұқып, жоқтан өзгені айтып сөз қашырам. Өйтпеске амалым жоқ. Шотайдан басқасының тамсанып, майын тамызып айтатыны - балмұздақ. Маған сол сор болды. Көкем: "Шөл қандырады",- деп, қай жылы сарғыш түсті бірдеңе ішіп отырған. Соның бір атауы шығар деген долбармен "дәмі жаман екен" деп қойып қалғам. Бәрі бәле көргендей өре түрегелді.

- Сен өзің жеп көрдің бе?

- Жемек түгілі ішкенмін, бір түрлі, ашқылтым.

- Ой, сенің ішкенің газбада ғой, - деп білгіштер жапырлап. - Қалаға жазда барып па едің, қыста ма?

Екеуінде де бармағаным өзіме аян, өтірікке басыңды тығып алғаннан кейін, байқатпай жол тауып шыққан дұрыс.

- Жазда да, қыста да барғаным жоқ, күзде... Әжем екеуміз жүргенбіз. - Нанымдылау болу үшін қасыңа адам қосақтап сөйлеген жөн. Бұларды біржолата жерге қаратқым келіп, өтірік әулиенің киелі суынан әр жеріне араластырып: - Поезға да міндік, - деп үдетіп жібергем.

Тұрғандар жым-жырт болып, бастары сұлқ түсті. Әрлі-берлі адам таситын поезға да мінбегесін, кешірілмес күнә жасағандай, жерге қарап мөлиіп қалған.

- Е-е, сенің жеп жүргенің поездың балмұздағы екен ғой, - біреуі мұрнының астынан міңгірлейді.

Әңгіме бітті. Мойнымнан ауыр жүк түскендей, үйге келе жатырмын. Қанша өтірікші болғанмен қала көрмегесін, түбі ұятқа қалатынымды түсінемін.

Салып ұрып сабақтан келсем, Шоңтөбенің ақсақал-қарасақалдары жиналып үйде отыр екен. Кәдімгі әңгіме-дүкен. Есік алдындағы тәпелтек  шоланда апам ет асып жатыр. Табалдырықтан аттамастан айтқаным:

- Әже, қалаға барамын... Балалар мазақ қылып жүр.

- Ой, әдірәм қалсын, соларға да мазақ керек пе? Олардың көріп жүргені – соғыс жылы сүт тасыған әжең күнде баратын Бестөбе шығар. - Қолын арқаға қарай сілтеп тастады. "Бестөбе солтүстікте екен ғой!" - Сенің көкең оның әкесіндей шәріде тұрады. Осыдан, сабағың бітсін, сосын көріп алайын.

 

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

202

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз