+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



САМАТ - СОҒЫС ӨНЕРІНІҢ ШЕБЕРІ


Өзімше жасайтын басбұзарлығым да жоқ, басқаға азар беру де маған жат нәрсе. Бірақ жүріп қалған аяқ, жыбырлап тұрған қол, табиғат қосқан мінезім бар, енді. Тып-тыныш дамылдап отыру деген мен үшін түсініксіз ұғым. Жұрт: "Күн бүгін жексенбі, демаламыз" дегенде, басқа уақытта аузы-мұрнын тығындап демсіз жүргендей, құлағыма тосаңдау естіледі. Егер жалғыз ғана жан "Дем-а-а-л-ы-п" жатса, күлуге де болар еді, бірақ... Көршілердің мен құралпас балалары жоқтың қасы. Сондықтан, ауылдың арғы басында Самат деген шатақ бала "әскер жинап жатыр" деген хабарды естісімен, салып ұрып жетіп бардым да, мүше бола кеттім. Әрине, мүшелігің үшін айлық алмайсың, киім кимейсің, тамақ ішпейсің, бір жақсысы, жатып "дем алмайсың". Қызықтың қақ ортасын кешіп, рақатқа батасың. Өзіміз сайлаған атаманның орынды-орынсыз бұйрықтарын орындасаң бітті. Атаман - сабақтан салуы болмай жүрген ұзын бойлы, тырна мойын, сопақ бас, дере сирақтың өзі. Көзінен таса кезде "фриц" деп атаймыз... Қарапайым заттан қарудың неше түрін ойлап табады... Айналдырған бес баланы түгендегенде үш қайтара санайды. Қазанның қақпағынан қалқан жасап, мыс түтікшеден мылтық соғады. Қайдан алса да, милицияның қызыл жиекті кепкасын қолына түсіріп, бөшкенің ағашынан үстіне сауыт байлап, мұздай құрсанып тұрған біреу. Бізді бастап майда-шүйде балаларға тиіседі, шамалап үлкендерге айбат шегеді, кейде тіпті қолдан жасаған қалайы қылышымен өзімізді ойран-ботқа қылып "қырып" тастайды. Бар айтатыны: "Менің майданда он жолдасым қаза тапты". Бұл ұран ба, әлде күйініш пе, біз түгілі өзі де түсінбейді. Кинодан құлағымыз шалып қалатын сөздердің біз үшін де ешқандай ерсілігі жоқ.

Сол Самат, бір күні, күлден бомба жасау тәсілін тапқан. Қарапайым ақ қағазға күлдіктен толтырып аласың да, "жаудың" төбесінен тарс еткізесің. Ақ шаңдақ аспанға көтерілгенде, киноның бомбасынан бір де кейін емес.

"Әскери қызметімді" өтеп, үйге келе жатсам, интернаттың биік қабағынан басы салбырап еңкеңдей ұшқан - Шотайым!  Қолымда жарылмаған дайын "бомба". "Жаңа қарудың" қуатымен жазған Шотайды жақсылап таныстыру қуатымен алға қойғам. Артқы жағынан аңдып бардым да, "бомба" деп айқайлап, бастан періп қалғам. Оным бойымның қысқалығынан желкесінен тимесі бар ма?

- Ойбай!.. - Шотайдың бақ еткен даусын ғана естідім. Ақ шаңдақтың арасынан сығалап қарасам, "жаралы жігіт" аяғын түйеше сермеп, келген ізімен кейін қарай тұра зытқан. Бомба күлінің ішінде "шоқ қалды ма?" деген күдік туды.

- Тоқта, Шотай! - Өкшелеп жүгіріп келемін. "Байқамай қалдым" деп түсіндірмекшімін. Өрді-жарды білмей өңмеңдей қашқан Шотайға әлдеқандай ой түсті ме, бұрылып алып маған қарай салды. Қашып бара жатып аңғарғаным, көзі қанталап, қорыққаннан ба, күлден бе, түсі, өңі бозарып кетіпті. Құлдыраған күйімде құлындай ұшып, үйден бір-ақ шықтым. Сәлден кейін біздің үйдің ауласына Шотайдың "ауыр артиллериясынан" атқылау басталған. Интернаттың биік бағынан топырлап түскен оқтардың дені: сия сауыт, автоқалам, пенал және сыртында "Зина" деген жазуы бар бояу қап. Ашуланған Шотай бөлмедегі бар мүлікті "оққа" пайдаланып, мені "шала байытып" кетті.

Түйедей момын досымның ақ көңіліне дақ салғанымды сездім. Класс ішінде Шотайдың кектене қараған көздерінен тайсақтаймын. Қай жерде де оңашалау қалу қауіпті, әр уақыт балалардың қалың тобырынан  қалмай жүрем. Мектепте-ақ сазайымды берер еді. Қарасай ағайдан қаймығады. Күні бұрын мұғалімге шағым жасауыма қисын жоқ. Ақыры кездестім. Қасымызда жан баласы жоқ. Үйден демалыс күні ертерек шығып, есік алдында ешкім бола қоймағасын ерігіп келе жатсам, қайырылыста қақшиып Шотай тұр. Зып беріп бұрыла қашуға жер тар, әрі кегін ұмытқан болар деген үміт те бар еді. Шотай менің қасыма жетіп келіп, желкемнен бір перді. Қатты қолдардың қайратына төтеп беретін менде не қауқар болсын, топыраққа аунап түскем. Жалынудан пайда жоқ екенін білемін, тіл қатып тіленіп, рақым сұрағаным жоқ. Қысы-жазы аяғынан бір түспейтін керзі етегімен келістіре тұрып, тиесілі жерден бір тепті... Онша ауырмаған да сияқты, бірақ "таяқ жеді" деген намыс өн бойымды өртеп ала жөнелген... "Қалай да қайтарамын мұныңды!" "Шаруасын тындырып", көңілін бірлеген Шотай маған бұрылып та қарамастан жөніне кетті.

Айдап отырып "атаманға" келгем. Отрядтың белсенді бір мүшесіне қол жұмсағаны үшін кек алуға бекіндік.

...Біз түсетін сасық судың ортасына жан бойламайды, арғы бетіне ағаш-бөренелермен ғана жүзіп өтуің мүмкін. Асты ұйық бұл көлге жүзу білетін кісіңнің өзі батып кетіп, о дүниеден бір-ақ шыққан деседі. Жұрт қанша қақсап айтқанмен тыңдаймыз ба, көзден таса қалсақ, айдап отырып сол араға барамыз. Шомыламыз, малтып үйренеміз, қашақ ойнаймыз... Самат бастаған шағын "қол" су жағасына келсек, жиектегі бөренені көлге сүйреп әлектенген Шотай жүр. Самат Шотайдың қасына жетіп барып, кеспелтек ұзын ағашты суға түсіруге көмектескен. Шотайды алдап-сулап бөрененің суға енген басына отырғызды да, өзі артқы шетіне жайғасты. Қос қолдап ескен екі баланың әрекетінен ұзын ағаш екпіндей жылжып көлдің терең ортасына қарай ендей бастаған кезде секіріп түскен  Самат жүзу білетіндігімен жағаға жетті. Тереңге кетіп қалғанын кеш аңғарған аңқау  жігіт орнынан секіріп тұрып, бар даусымен бақырып жылады дерсің.

- Өлдім, өлдім, өлдім!..

Жиекте шағаладай шулаған балалар үрейленіп, Саматтың қасына жиналдық.

- Өлсін!.. "Атаманның" әскеріне қол жұмсағанды көрсетейін. "Менің майданда он жолдасым қаза тапқан!" У-рр-а!

Бөрене орталыққа қарай ойыса жүзіп барады. Шотай ағаш үстінде еңкілдеген күйі, жиекке айқайлады.

- Ей-й, Самат аға, судан шығарып алсаң ақша беремін...

Жиекте - қыран-топан күлкі. Үп-үлкен жігіттің өзінен кіші баланы ағалап жатқаны қызық-ақ.

- Шын ба? - Самат жылап тұрған Шотайдың жауабын да күтпестен, жиектегі шалбарын алдырып, қалтасын қарады. Умаждалған екі сом. Қалтасына масаттана салған атаман ақысын   ақтау үшін қолын көлегейлеп команда берді.

- Секір суға!..

- Ойбай, өлем ғой. - Арғы бетке жүзіп шығу жанталасқан Шотайдың да, "атаманның" да есіне келмепті.

- Секірмейді екенсің, балалар, мында келіңдер... Рогаткаларыңды алыңдар да атыңдар ананы. - Өзі қолындағы аша таяғына тас салып тұрып, көздеместен тартып қалған еді, мүлт кетпестен Шотайдың денесіне сарт ете қалды. Мен көзімді жұма қойдым. Бақырып жіберген ащы дауыс құлағымды жарып кеткен шығар...

Көзімді ашсам, Шотай қыл кеңірдегінен келіп тұр екен, батып кетпепті. Аман қалатынына көзі жеткен жігіт, кексіз ыржалаңдап, бізге қарай беттеген. Жиектегі балалар да қуанышты. Жағалауға шығып киініп алған Шотайдың ешкіммен жұмысы болмай, бөлектеніп жүре берді. Езуін жия алмай, көңілді барады.

 

ҚАЗИ ДАНАБАЕВ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

139

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз