+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



БЫЛТЫРДАН ҚАЛҒАН БІР СҮРЛЕУ


Айтыс ақыны Оразалы Досбосынов туралы фильм түсіруге былтыр тура осы мезгілде Алматыға жолға шықтым. Айтыс ақтаңгерінің ұстазы Жүрсін Ерманмен, Маралтай шайырмен, ақын Жанарбек Әшімжанмен, айтыс ақыны Ринат Заитовпен республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлімен сұхбаттасуға келісіп қойған едім. Кездескен жерде әдепкі үш респондент уақытын бөліп сұхбатын берді.Ал, Дүйсекеңмен  ақын бейітінің басында сұхбаттасатын болып  Алматы бүйіріндегі «Каллин» поселкесінде таңертең  жүздестік.Әдебкіде шыбжыңдап, «әр минутым санаулы Оразалы атында өтетін айтыс ақындарының шарасын ұйымдастыру менің мойнымда. Билет өтпей жатыр. Ана бейіт басына баратын туыстары неге кідірді екен?»,-деп тағатсыздана сағатына қарағыштай берді. «Осыншалық бей-маз адам екен»,-деп мен де  іштей бір түйіліп қалдым да ақырын  Ораздың тақырыбына ойыстық. Ана кісілер келіп, көліктер жолға түскесін Дүйсен ағамның сөзі өзгеріп, түрі байсалды қалыпқа еніп әңгімеміз арнасына түсті. Бір сәтте:

 -Сөз саптауың бөлек қой бала. Қайдансың? Кімсің?»,-деп бетіме бажырая қарады.     

- Қызылордалық жазушы, ақын Қази Данабаевтың баласымын.

- Данабаевтың. Қазекемнің ұлы екенсің ғой. Айтпайсың ба бірден. Ой, Қазекем алтын еді ау,алтын!  Қазақ әдебиетінде есімі қалған жазушы, ой, айналайын асылдың сынығы»,-деп айналып-толғана жөнелді. Бір жағынан әкеме деген құрметке бас исем, екінші жағынан еңгезердей мені айналғаны, жан-жағымда отырғандардың жанарыма жалт қарағаны ұялтты шыны керек.  Әкем 2007 жылы ұзаққа созылған дерттен 5 маусымда дүние салып еді.Әке әркімге жалғыз, папаның қайтқан күні таяғасын оқырманыныма айтып жатқан бір үзік сырым ғой.

Дүйсен аға Оразды Алматыда жетектеп барып оқуға түсірген жанашыры. «Бір күні таң азанмен Оразалы есікті қағады. «-Аға, әкем Жарылқасын ауруханада жатыр. Сізді іздеді»,-дегесін дереу киініп шықтым да екеуміз ауруханға бардық. Жәкеңді дерт жеңген екен. Дидары солып, ажарынан әр қашқан.Аман –саулықтан кейін:

-Дүйсен осы ұлдың ендігі әкесі мен емес, сенсің!

-Жәке, қойыңыз қайдағыны айтпай?-дедім көңіл қимастықпен.

 -Тұра тұр. Оразымды ауыл арасында, аудан арасында жүрген жерінен танып, Алматыға әкелдің. Оқуына түсірдің. Шүкір ел таныған бала болды.Үйленді. Алладан қайтсын жақсылығың.Ендігі өтінішім,көз қырыңды сала жүр мына балаға. Менің де күнім санаулы»,-деп қолын ұсынды. Аманаты екен , көп ұзамай Жәкең де дүние дидарынан ғайып болды.

Қанша-жылап сықтағанмен, тірі адам тіршілігін істейді. Бір күні Ораз жеңгесіне үйге телефон соғып, «Жеңеше Ажар босанды. Есімін кім қойғанымызды білесің бе?»,-деп сұрапты. -Қайдан білейін? –Жеңеше, Нұрайша деп сіздің есіміңізді қойдық,-деп Ораз қуана хабарласыпты. Жарайды сонымен арада 2-3 жыл өтті  (-------ж) 6 шілдеде жазушы-журналист әріптестеріме үйден шәй беріп болып, Оразды «дастарханның сөз тізгініне ие бол»- деп шақыртып алдым. Уәделі уақытта Оразым құстай ұшып жетіп, әдемі отырысты жүргізіп жатқанда телефоны шыр етті. Бір кезде Ораздың балаша қуанған дауысы шықты «Дүйсен әке, ұлды болдым.Ажар дін-аман босанды нәрестенің есімін қойыңыз»,-деп  кеуілденіп кетті. Содан дастархан басындағы жазушылар «Ораз бен Ажардан  туған ұл осал болмауы тиіс. Оның үстіне Президенттің туған күніне, Елорда күніне сай келіп тұр. Нұрсұлтан болсын Нұрсұлтан»,-деп шуласты. Сөйтіп, Ораз бен Ажардан қалған екі құлыншақтың есімінің тікелей менің отбасыма қатысы барлығын есіме алып отырамын кейде»

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ

 

ЕСКЕРТУ: Фильмді түсіруге әуе жолы шығынын, техникалық шығынын Данабаевтар әулеті көтерді.Ел таниды деген, Ораз десе атын «құрмет» тұтатын кейбір айтыс ақындары маған болымсыз шығынға «әжептәуір жағдай» айтып кеткесін, жалт бұрылдым да бауырларыма айттым. Олар сөзге келместен қолма-қол керек қаржыны шығарып берді. Бейсен Құранбек досым да қол ұшын созып «Жетісу» телеарнасының бір телеоператорын берді. Аман болсын, асыл дос!            

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

287

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз