+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«АҒАДЫ ШАЛҚЫП, ЕДІЛ МЕН ЖАЙЫҚ.....»


«Елге танымал болып кеткен «Еділ мен Жайық»әні 1981 жылы 7 қазанда шықты. Бауыржан деген балам үйленгеніне бірнеше күн болды да, біреу қонаққа шақырған, соған жиналып босағада тұрған  кезде әлгі әннің әуені құлағыма келді. Тез 4-5 минутта көкейден шығып, көмейге жетті»,-деп бастады әңгімесін сазгер, жазушы Ілия Жақанов ағамыз.

-Аға, айып етпеңіз, осы әніңізді арғы түкпірде поляк және славяндардың  музыкалық ырғағы құлаққа ұрып тұр ғой. Әлде мен қателестім бе?

-Дәл таптың. Оның себептері де бар. 1970 жылдары Людмила Зыкина «Течёт река Волга» әнімен үлкен сахнада жарқ етті. Олар Волга деп дәріптейді екен де, біз неге ата қоныстың нәрі болған Жайық туралы ән жаза алмаймыз деп жүрдім.Ақыры сұрадың, тарихын айтайын. 1620 жылдан бастап Еділ мен Жайық бойындағы қазақтарға «аузы түкті» жұрт  зәбір көрсеткесін, аталарымыздың бір бөлігі Арқаға, бір бөлігі Сарысуға ықты. Олар қиянаттың неше атасын көрді ғой. Мұрат Мөңкеұлының:  

Еділді тартып алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны –

Ойындағысы болғаны, – деп айтқаны өлеңінің өзі аңдатып тұрған жоқ па?!

Менін сол арғы атамекенім Жайық бойы болғанымен, өзім Жамбыл облысының Сарысу жерінде туғанмын. Аталарым осы маңға еріксіз ығып келген. Сол ақсақалдардың  Еділ мен Жайық туралы әңгіме өрбісе елең етіп, көздерінде ұшқын пайда болатынын бала кезімнен көз алдымда қалыпты. Демек, бұл рухтың, бабалардың сағынышынан туған ән.

Енді,  «Еділ мен Жайықтың» сөзін ақын Жұбан Молдағалиев жазды. Ән мен сөз үйлеспей тоғыз вариант өлең жазылды. Жәкең ашуланып небір нұсқасын жыртып, қоқыс шелегіне тастады. Тоғызыншы нұсқасына ғана тоқтадық қой. «Ілия, сенің мына әніңе өлең жазғанша 2 поэма жазып тастар едім»,- деп тас-талқан ашуланғанда көзім көрді. Кейін ән орындалағаннан кейін ақын ағаң келіп «бұл әнмен Ілияжан-ау ұзаққа барасың»,-деп бата тектес тілектесігін айтып, құшақтағаны да әлі күнге көз алдымда.

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

246

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз