+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«АЙТА, АЙТА АЛТАЙДЫ, ЖАМАЛ АПАМ ҚАРТАЙДЫ......»


Ертеректе Кеңес одағының кезiнде республикалық газет-журналдардың бұрыштарында “Достық әзiл” деген айдар арагідік жарияланып тұрушы еді. Онда ақын-жазушылар, өнер адамдарының қаламмен шимақталып салынған суретiнің астына бiр ауыз өлең, өткiр қалжың, қыжыртпалар жазылатын. Бiрде осындай “Достық әзiлге” Қазақ ССР-нiң халық әртiсi, өзiнiң сүйiктi әнi “Алтайды” лекiте, тамсанта, тамылжыта, тамаша орындайтын Жамал Омарова апайымыздың суретi iлiнiп, астына: “Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” деп жазып қойыпты. Сол-ақ екен, ұшқыр ойлы журналистiң қаламынан шыққан осы қағытпа бүкiл Қазақстан баспасөзiн аралап жүре бердi. Бара-бара  мәтелге айналып кеттi. Әсiресе, қазақ тiлi туралы айтқанда аға газеттен бастап бала газетке дейiн осы мәтелге бiр соқпай кетпейтiн болды. Сөйтiп, осы мәтел қазақтардың жадында сақталып қалды.

 

Ал, енді әннің тарихына аз-кем тоқталсақ. Жамал апайымыз 1943 жылы Алтай өңіріне гастрольдік сапармен барғанда, Алтайдың жергілікті халқы көкке көтере қарсы алып, шын ықыласымен күтіп, сый-сияпат көрсетеді, Алтайдың жан тебірентер тамаша табиғатын аралатып көрсетеді. Гастрольден өте риза болып, көтеріңкі көңіл күймен оралған Жамал апай композитор Евгений Брусиловскийге және ақын Нығмет Баймұхамедовке Алтай өңірі туралы ән жазуға өтініш білдіреді. Сондай өтініштен туған «Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай!» деп басталатын таңғажайып «Алтай» әнін өз репертуарынан түсірмей, саңқылдаған үнімен қартайғанша, ұзақ жылдар бойы құйқылжыта шырқаған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

244

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз