+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«ҚЫЗЫҚ АДАМ....»


 

кинорежиссер,  МЭЛИС ҮБІКЕЕВ:

 «Асқар сүймеген, жақтырмаған адамымен сөйлеспей қоятын. Ал егер, ұнатқан адамы болса, жылы сөзін жұмсақ көрпеше етіп төсейтін, ашыла сөйлеп, шашыла күлетін. Сырт көзге менмен, қыршаңқы көрінгенмен, жаны нәзік, өте сезімтал, тіпті қорғансыз жан еді. Оның қырсықтығы, оның қыршаңқылығы – сол кездегі қоғамдық жүйеге қарсылығы шығар, бәлкім?»

 

жазушы ДИДАХМЕТ ӘШІМХАНҰЛЫ:

«Асқар аға бір жолы қарсы бетке бағдаршамның қызыл көзі жанғанда, өтіп кетіпті. Жалма-жан жетіп келіп, айыппұл төлеуді талап еткен МАИ қызметкеріне әмиянынан 3 сом шығарып береді. Ол қайтаратын ұсақ іздеп қалтасын сипалай бастағанда: «Қайтарудың қажеті жоқ» деп сол көшеден тағы да өтіп, «Мы с вами в расчете» деп жүріп кеткен екен. Бұл да жалпы қызыл жағалыны жақтырмаған жазушының сол жүйеге деген қарсылығы болса керек.»

 

 ҚАРАКӨЗ СҮЛЕЙМЕНОВА:

 – Шынымды айтсам, әкем балаға ақыл айтпайтын. Бірақ балаларды жақсы көретін. «Көзіңнен айналайын сол, Қаратай!» деп еркелетіп отырушы еді. Туыстарымыз «Қара» деп айтса, көңілім елең ете қалады. Әкемнің күбірі құлағыма жете қойғандай күй кешемін. Біреу маған жекісе, әкем көңіліне алып қалатын. Әжем бір рет маған қаттырақ сөйлеген еді. Соны естіген әкем қайнап жатқан қазанның қақпағын ашып, етке қараған сыңай танытып, әжеміздің жүзіне қарамай «біреудің қызында не шаруаңыз бар?» деп жәй ғана шығып кеткен еді. Өмірінің соңғы сәттерінде жазған «Адасқақ» романын маған арнаған болатын. Қолжазбасын алып келгенде, «Қара,  мен саған роман арнадым» деді. «Маған арнасаңыз бастапқы жолына кімге арнағаныңызды жазып қоймайсыз ба?» дегенімде, жазуға бекінді. Біраздан соң «классик жазушылар бір-ақ ауыз сөз жазады» деді де, бас жағына «Қарагөзге» деп жазып қойды. Мен үшін бұл үлкен бақыт.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

211

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз