+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ӘНГЕ АЙНАЛҒАН КҮНЕКЕЙ ҚЫЗ......


Үйіме қайтам, өкініп, тынып,

Сүйемін деуге бата алмай.

Төлеген болып, бекініп тұрып,

Жайықты кешіп, өте алмай,- деп Табылдының әуезді әні талай студенттің жастық шағын сағым-уақыт көзден бұлбұлдай ұшырды. Осы әннің сөзін жазған Қызылордалық ақын Шәкизада Әбдікәрімов.

-1974 жылы 18 жасымда Алматыда студент болып елпініп жүрген кезім. 7 қарашада парад болатын, соған қаланың көп жастары алаңға жиналады. Күнде маршировкаға қатысатын студенттерді түгелдейді.Автобуста келе жатып ақ көйлек киген, көрікті бір қызға көзім түсті. Салған жерден аңсарым ауды. Таныстым. Есімі Майра екен. Екеуміз алаңға бірге маршировкаға бардық. Қойшы сонымен екі-үш күннен кейін Майраны үйіне шығарып салдым. «Мына үйлердің бірінде тұрамын. Пәтерімді айтпаймын»,-деп әлгі қыз көзден ғайып болды. Қол үзіп қалдым. Жанталаса әлгі бірнеше үйдегі пәтердің бәрінің есігін қағып шығып, үмітім үзіліп, соңғы есікті қақсам Майра ашып тұр. Алғаш шыққан жыр жинақтарымды табыс еттім. Ол кезде Гурьев облысы, Индер ауданы, Индербор пәсөлкесі, Геофизиктер көшесі 18 үйде тұрады екен. Хош, сонымен бір жылдай оқуымды кейінге шегеріп, мамырда 1975 жылы Алматыға қайта келдім. Майра есімде жүргеніммен, ақындарды көп жолдастардың ортаға алатын дағдысы емес пе?! Түндегі әзәзіл бойыма өтіп кеткен болу керек, таңертең бет-аузым домбығып, көзімді әзер ашсам жігіттердің бірі танауыма тақап, бір хатты ұсынып тұр. «Шәкизада, салем. 1 мамырда Абай ескерткішінің жанында кездеселік. Майра Рахымғалиева.»,-деген бір ауыз сөз жазылған.Әлгі пақыр ана хатты 3 мамырда ғана қолыма ұстатыпты. Дереу есімде қалған мекен-жаймен іздеп барып, есігін қақсам апасы «Майраның әкесі хәл үстінде жатыр. Бір жола еліне кетті»,-деді. Сонымен қойшы,Майраға деген сезімнен «Күнекей қыз» өлеңі шықты да, арада сан жылдар сағынышты сағымға орады. 10 жылдай уақыт өтті. Байқоңырда телеарнада істеп жүрген кезім. 1984 жылы телеарнадан «Замандастар» хабары өтіп жатыр. Қарасам, еңгезердей, көзі аларған бір қара жігіт Фариза Оңғарсынованың әні мен менің «Күнекейімді» өлеңімді ән етіп айтты. «-Тұрсын, әй Тұрсын, «Күнекей қызды» мына жігіт орындап отыр»,-деп ас үйдегі жеңгеңе жетіп барыппын. Деседе Табылды орнына жайғасқасын барып, «Күнекей қыз» өлеңінің авторы қызылордалық Шәкизада Әбдікәрімов деп жариялады. Жүрек орнына түсті, Табылдыға сырттай сыйластық артты.

Хош сонымен, 2007 жылы танымал бір мұнайшының мерейтойына Атырауға жолым түсті. Той үстінде бір жігіт «Күнекей қызды» шырқап бермесі бар ма?! Той иесі осы әннің авторы ретінде мені сол жерде үйлестіріп, көпшілікке таныстырып жіберді. Сөйтіп, қызды-қыздымен табан астында Табылдымен телефонмен сөйлестім. Ол менің келгенімді естіп бәйек болып қалды. «Табыл, ана «Күнекей қыз» осы Индердің қызы білесің бе?»,-дегенімде таң қалды. Майраны да тани қойды. Құдандалығы бар екен. Майраның да телефонын берді.Сол жерде қызық болғанда Майрамен сөйлестім. Мерейтой жөніне қалды. Табылдымен тілдескесін, Күнекеймен сәлемдескесін арқаланған адайлар «Шәке, екі-үш джип тұр есіктің алдында. Тура Индерге Майраға тарталық»,-деп ішкілікке, өнерге елтігендері бар қызып-ақ тұр жолға шығуға. «Күйеуі ше? Күйеуін қайтем?»,-деппін сасқанымнан. «Күйеуін қалқалап басқа әңгімеге алаңдата тұрамыз, Майрамен дидарласыңызшы-деп қиылды. Мерейтойдың шырқын бұзбайын деп, адайларды әзер бастым.)))) Сөйтсем, аздап қызып алғаны бар бір күні Табылды Майраны іздеп барып «Арқалы ақынды қор қылдың-ау, Майра. Ақынға деген құрметің қайда?»,-деп кезінде жолы қиыспаған ән кейіпкеріне «тиісіпті». Маған содан Майра хабарласып, жағдайды айтты. Дереу Табылға звондап, Майраны ренжіткенің не?» деп сұрасам, «аға ол Сізге деген, өнерге деген құрметімнен айтылған орынды наз еді,- деп менен әдемі құтылды»

P.S. «Индербор поселкесіне барып тұрып, Майрадан бір ауыз сұхбат алмағаным қалай болады?» деген сауал бір сәт санамды шарпып өтті. Осы ойымды Табылды ағамның үйіндегі жеңешем Қарлығашқа айтып едім, онша құп көрмеді. «40 жыл уақыт өтті. Сол Майра әдемі әннің  кейіпкері ғана болып қала берсін  да, қайтесің!»,-дегесін тағы да ойланып қалдым. Сан қилы тағдырлар ғой шойынжол секілді бір-бірімен қиысып-қиыспаған....

 

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ    

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

186

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз