+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ТАБЫЛДЫ-ТАҒДЫР.........!


Оралдан Дендерге қайтқан жолда Табыл Жайықтың жағасындағы тоғандарға қайта-қайта түсіп, шомылумен болды дейді.

Өтежан Нұрғалиев:

- Мен анадайдан қарап қойып отырамын, ол маған қарайды… Қарайды да мені аяйды. Мен оны аяймын…

Көз алдыма елден шалғайдағы тоғай арасында, оңаша түкпірде күйбеңдеп, бұйығы тірліктерін кешкен қарт Ақан сері мен оның дәрменсіз ұлы Ыбан елестеп өтеді де, аңтарылып сұрақ қоямын:

- Қалай сонда? Бір-біріңізді аяғандарыңыз не?!.

Өтағаң бір сәт үлкен көздері алайып, тосылып қалады.

- Енді… Ол да қайбір жетісіп жүр дейсің сонау жырақта… Ал, мені мүсіркейтіні - марқұм Күләш байғұс апалары еді ғой өздерінің… Менің қазіргі қорғансыз халімді түсінед те!..

Алайда Өтекеңнің көп сырды бүгіп, сөз аяғын іркіп қалатынын байқаймын. Толық ашылмайды.

Бәрібір кейінірек білдік қой біраз жәйтті.

Әйтеуір, ақырына дейін әне-міне Табыл келіп қалар деп елегізумен жүргемін. Бір күні кештетіп өзі емес, қаралы хабары жетті…

Таңертеңіне-ақ Өтежан ағаны бетке алғамын. Қазаны естіртіп, көңіл айтпақшы ем.

Дағдысынша «Қазақстан» Ұлттық арнасының қарсы бетіндегі аллеядағы орындықта шалқайып отыр екен. Анадайдан-ақ көрдім, түрі әлем-тапырық.

- Айрылып қалыппыз, - деді қасына жете бергенімде-ақ. - Сұм ажалға не шара… Жасамаған ғұмырын бала-шағасына берсін…

Сөйтіп өзімді жұбатты. Одан ұзақ түнеріп отырып, қатты опынды:

- Өмірдің ләззатын сезінуі керек еді. Кетуі керек еді о жерден. Сол сапар әкесі Аякеңе айтып ем… Жібер баланы еркіне деп. Ұстама, қалуға болмайды мұнда деп. Ақсақал ұнатпады мені…

Түсіндім Өтағаңның не айтқысы келгенін. Қайда жібереді?! Өлмелі әке мен енді-енді ғана жетіле бастаған бала-шағаны тастап қайда кетеді? Өз тағдырыңнан қайда қашып құтыласың?..

 

 

Құлтөлеу МҰҚАШ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

153

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз