+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ИСІНЕ ИДІРГЕН ИНДЕР ЖУСАНЫ


Атырау облысы, Индер ауданының топырағынан шыққан атақты жазушы Есенжол Домбаев кемелденген шағында ауылын көп аңсап, атамекен туралы көп айтқан екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін Есенжол тәуекел етіп, Индерге соқа басы көшіп барған. Көкорай шалғыны, тал-терегі көп Алматыдан отбасы көшуге келіспей, «барса, еліне барады»,- деп өздері отағасын жолға  шығарып салған . Келе сала Табылдымен ағалы-інілі екеу алаңсыз бауыр басады. Ол кезде Табыл аға аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болғасын  жазушы ағаға бір ауылдың мәдениет үйінің директорлығы қызметін береді. Алайда, қанша елді сағынғанмен жалғыз жүргесін күйі бола ма, бір жарым жылдан кейін Есағаң Алматыға оралған. Арагідік Алматыға ат ізін салып тұратын Табылға бірде жазушы ағасы «туған елден бір түп жусан ала кел»,- деп тапсырады ғой. Табылды ағаның ойынан ол өтініші тарс шығып, жол үстінде  Ақтөбе облысы станцияларының  бірінде бір түп жусан іліп алады.  

Көңіл содан көтерілді бусанды,

Қуанғаным қуантам деп қу шалды.

Еркелеткіш Есақаңның қолына,

Алматыға бардым,бердім жусанды.

 

''Қайран Нарын!,Махамбет пен Құрекең!..

Бір-бір түп ед Меңдекеш пен Жұмекен''...

Күлді сосын ''Мынауыңнан кәдімгі

Өтежанның иісі шығып тұр екен''.

Есағаңның «Өтежанның иісі шығып тұр екен»,- дейтіндейі бар. Өтежан Нұрғалиев поэзия әлемінде өзіндік қолтаңба қалдырған ақын. Оның туған жері Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы.

Содан кейін жусан сезім ырғалып,

Сөйлеп кетті көкірегі нұрланып.

''Сені сүйіп бір иіскесем,Табылжан,

Ауыл жаққа барғандаймын бір барып''.

Осы жерде шығармашылық адамдарының бір-біріне деген сағынышын айтыңыз. Табылды інісіне деген ақынның құрметті қараңыз.Ең бастысы, Жайықта жауған жаңбырдан кейін бұрқ етіп иісі аңқитын жусанның иісін айтсаңызшы?!

   

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ               

 

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

180

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз