+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«ҚЫПША БЕЛІҢ-АЙ СЕНІҢ, ҚЫПША БЕЛІҢ-АЙ....»


КазГуде оқып жүріп, әскери борышын өтеп келген бард ақын Табылды Досымов «Астаналық қыз» әнін алғаш орындаған кезде бүкіл жатахананың қыздары әншіге «құлады» деген аңыз тектес әңгіме бар. Бұл шамасы 1988 жылдар болатын. Әдепкіде еңгезердей, көзі аларған жігітке кірпияздана қараған қыз-қырқын жатаханадағы «Қаламгерлер» клубында айтылған оның осы ойнақы өлеңіне елтіп, соңына еріп кетті.  Жатахананың түні Табылдың әлдимен ұйқыға бөленген дәуренде өтті-ау, Алматыда. «Енді ол өлеңді алғаш жалдамалы пәтерде бірге тұрған кезде  ыңылдап жүргенін естідім,-  дейді белгілі журналист досы Арман Сқабылұлы. – Журналистика факультетінде оқитын қызға шығарылған ән еді.  Есімін айтпаймын, ол ғашығы қазір де бар. Бұл әуенге елтіп кеткен жігіттер бір шағын отырыста Табылдыға осы әнді үзбестен 17 рет орындатты деген де ел арасында әңгіме әлі күнге арагідік айтылып қалады. Осы әнді өз басым 2010 жылы Маңғыстауда өткен Табылды ағаның шығармашылық кешінде естідім.

«Қыпша белің-ай сенің,қыпша белің-ай

Көжегінің қоянның ұқсап едің еркем-ай

Екі тілек бір жерден шықса дедім-ай

Қыпша белің-ай,- деген әннің шумағын әбден қыз арман болған ауылдың бойдақтары қораның бұрыш-қуысында,  шағын отырыстарда «Қыпша беліңді құшсам дедім-ай»,-деп  соңғы бір тармағын өзгертіп,  интимге айналдырып жіберген»,-дейді әріптес ағам Серік Жанболат –Табылды ешқашан әндеріне ерсі болмаса қыз үркитін бейәдеп сөз жазбайтын, айтпайтын. Оның өзгелерден айырмашылығы да, мықтылығы да сол болды».

 

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

257

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз