+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



ТАУЫ ШАҒЫЛҒАН ТАБЫЛДЫ


«Ұмытпасам 1990 жылдардың маңы болуы керек. Ол кезде Алматыда тұрамын. Бір күні қас қарая мені үйге Табылды Досымов іздеп келді. Інімдей араласатын Атыраудың жігіті ғой. Ол кезде Каз-Гудің соңғы курсінде оқиды. Қабағы түсіңкі»,-деп бастады әңгімесін жазушы Рахымжан Отарбаев. – Содан дастархан жайылып, шәй де, басқасы да ішілді. «Аға, мен оқуды бітіріп жуырда елге кетемін. «Тамаша» ойын-сауық отауының жетекшісі Ұлықпан Есен «сахнаға шығасың» деп бір ай бұрын шақырып алып дайындады да енді «әндерің саяси, өткір»,-деп кеше мені тізімнен алып тастады.

-«Тамаша» қашан өтеді?

- Күні ертең.

Содан сағат түнгі бірде Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасы Сағат Әшімбаевтың үйіне телефон соқтым. Ұзақ қоңыраудан кейін Сакеңнің өзі көтерді тұтқаны.

-Саке, ассалаумағалейкум. Мен Рахымжан Отарбаев ініңіз боламын.

-Уағалейкум, амансың ба, Рахымжан,-деп телефонның арғы басынан сәлемімді Сағат ағам ешбір зілсіз қабылдап, дағдысына сай тез-тез сөйлеп жатыр.

-Сағат аға елдік бір шаруа боп тұр. Табылды Досымов дейтін бард ақынға Ұлықпан «Тамашаға» шықпайсың деп бүгін айтыпты. Табыл дәп қазір қасымда отыр. Егер осы жігіт ертең сахнадан шықпайтын болса Саке, Сіз Рахымжан Отарбаев деген жазушы ініңіздің бірінен тірілей айырылдым деп есептей беріңіз»,- дедім де жауабын тоспай телефон тұтқасын тастай салдым.

Содан не болды дейсің ғой?! Таңғы сегізде КазГУ-дің жатаханасына алқынып жеткен Ұлықпан әр есікті тоқпақтап ұрып жүріп Табылды Досымовты іздеп тауып алған.Кейін қарап отырсам, менікі де жындылық екен. «Жастық-жартылай мастық» дейді ғой. Ет қызумен түн ортасында республикалық телевизия басшысына телефон шалып, адам жанын ауыртатын сөз айтқанды ерлік санап жүрмін-ау! Бір жағынан Сәкеңнің де азаматтығына есептеген шығармын.

 

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ     

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

388

1 comment

  • Сәрсенбі, 19 Қазан 2016 17:09 әлімбай

    Сауапты іс.

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз