+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«Хабар» Агенттігінде трансформация жүруде

  • 09.09.2016

2016 жылдың 9 қыркүйегі күні Қазақстан Республикасының Орталық коммуникациялар қызметінде «Хабар» Агенттігінде жүргізіліп жатқан трансформацияға байланысты брифинг өтті.

Брифинг спикерлері: «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрайымы Алма Ахметжанова, Басқарма Төрайымының орынбасары Ринат Кертаев, «Хабар 24» арнасының директоры Арман Сейтмамыт, «Kazakh TV» телеарнасының директоры Андрей Тараков.

«Хабар» Агенттігі күзгі телемаусымда медиахолдингті трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізуде, нәтижесінде арналардың жұмыс форматы, контенті және ұйымдастыру қызметтері өзгереді.

 «2020 жылға дейінгі даму стратегиясын жасау барысында біз бірқатар зерттеулер жүргізіп, компанияның қызметіне талдау жасадық. Бұл біздің келешектегі даму мақсаттарымызды және стратегиялық бағытымызды анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Агенттік арналарындағы көрсетілім саясаты мен ұйымдастырушылық бизнес-процестерге қатысты трансформация - жұмыс нәтижесін жақсартуға үлес қосатынына сенемін», - дейді Басқарма Төрайымы Алма Ахметжанова.   

Агенттікті трансформациялау аясында «24KZ» арнасында ребрендинг жүргізіліп, арна 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Хабар 24» атауымен эфирге шықты. Телеарна эфирінде сапалы сараптамалық бағдарламалардың қатары ұлғайып, репортаж жанрындағы бағдарламалардың үлесі артты, сондай-ақ, аймақтардың тыныс-тіршілігі туралы жобалар көбейеді. Жаңалықтардың жаршысы болып табылатын арнаның дәстүрлі айдарларының сапасы арта түсті, мәселен, экономика, спорт, халықаралық және баспасөзге шолу, арнайы авторлық репортаждар және көптеген басқа да салалар толығырақ қамтылады. «Хабар 24» арнасының директоры Арман Сейтмамыттың айтуынша:  «Жаңа атау арнаның «Хабар» Агенттігі медиахолдингінің құрамында кіретіндігін көрсетеді. Атын ауыстыру телеарнаның жаңаруына және ересек көрермен аудиториясын тартуға мүмкіндік береді».

«Kazakh TV» және «Білім және Мәдениет» арналары біріктіріліп, 25 қазаннан бастап «Kazakh TV» атауымен эфирге шығады. Телеарналардың көрермендері және ұсынатын өнімдері бір арнада түйіскен, бір-біріне жақын, екі арнаның да бағдарламалары мәдениет, дәстүр, тарих, Қазақстандағы туризм салаларына бағытталған. Біріккен арна елімізбен қатар шет елдерде де («Kazakh TV» спутниктік арнасы 118 мемлекетті қамтиды) таралатын болады. «Әлемге «Kazakh TV» телеарнасы ағылшын және қазақ тілдерінде,  ал Қазақстандық көрерменге қазақ және орыс тілдерінде шығады. Көрерменге жақсы таныс «Білім және Мәдениет» арнасындағы мәдениет, өнер, тарих жөніндегі танымдық бағдарламалар жаңарған арнаның эфирінен шығатын болады. Біз сапалы және қызықты өнімдер әзірлеуді жалғастырамыз» - дейді «Kazakh TV» арнасының директоры Андрей Тараков   

«Хабар» арнасы да күзгі телемаусымға жаңа жобалар әзірлеуде. Арнаның эфирлік сеткасы әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған арнайы жобалар, ойын-сауықтық өнімдер және телехикаялармен толығады. Жаңа маусымда жаңалықтар күніне бір рет қорытындыланып шығады, бұл материал сапасын жақсартып, сараптамаға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

«Осы жылы «Хабар» арнасының көрермендерін қызықты премьералар күтуде – бұл би шоуы, Қазақстан бойынша автокөліктегі экспедиция, танымдық хабарлар, ток-шоу және еліміздің Тәуелсіздігіне арналған деректі фильмдер. Телехикаялар өндіруде өзіндік бағытын қалыптастырған арна әрі қарай да отандық киномотография саласын дамытуға үлесін қоса береді, жыл соңына дейін көрерменге бірнеше  телефильмдер мен сериалдар көрсетпекпіз. Арнадан әркім өзі үшін қызықты дүние табатынына сеніміміз мол», - деп өз сөзін Басқарма Төрайымының орынбасары Ринат Кертаев қорытындылады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
Жарияланды: БАҚ біз туралы

Loading...

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз