+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



«Күйлер мен аңыздар» жалғасын тапса...

  • 14.11.2014

«Білім және мәдениет» телеарнасының «Күйлер мен аңыздар» тележобасы қазақ музыкасына арналған мағыналы тележобалардың бірі деп ойлаймын. Ток-шоу отандық телеарналарда дәстүрлі музыкаға арналған саусақпен санарлық хабарлардан өзгеше форматымен ұнады.

Елімізде кең таралымға ие, оқырманы көп осы газет арқылы ұлт музыкасына арналған аздаған бағдарламалардың бірі туралы маман ретінде ой-пікірімді білдіргім келеді.

Қазіргі кезде алдарына қойған мақсаты әртүрлі, соған сәйкес форматы мен деңгейлері де бір-бірінен өзгеше тележобалар заманауи талаптарға сай түрленіп, көбеюде. Олардың арасында қазақтың ұлттық музыка қазынасын – әні мен күйін, жыр өнерін дәріптейтін, насихаттау жолында еңбек ететін бағдарлама сирек. Мұның ішінде аспаптық жанр – күйдің жөні бір басқа.

Мәселен, айлап, апталап немесе күні-түні бойы жырланатын дастандарды, үзінділерін болмаса, эфирден жіберуге мүмкіншілік жоқ екені түсінікті, ал негізінен, үш-төрт минут орындалатын күйлердің насихаты қандай деңгейде? Күйдің насихатталуы басқа өнер арналарынан гөрі айрықша ұстанымды, ескерусіз қалдыруға болмайтын жайттарды талап етеді. Домбыра күйлерінің дәстүрлі орындалуын қазіргі уақытта негізінен, концерттік, ұсынылымын тыңдап келеміз. Эстрадада да жаңаша дыбысталуда. Әрине, уақыт талабы деп барлық музыкалық хабарлардың жеңіл ойын-сауық форматқа құрылуы өзгермес заңдылық емес шығар. Бұл тұрғыдан «Күйлер мен аңыздар» бағдарламасы мәдениетіміздегі музыкалық дәстүрді жаңа деңгейде жалғастыра білді деп ойлаймын.

Дәстүрде күйші алдымен міндетті түрде тыңдарманына орындалайын деп отырған шығармасының мифологиялық, тарихи немесе тұрмыстық сипаттағы әңгімесін баяндап берген. Бұл тележобада күйдің тарихы мен музыкасының арасындағы ажырамас осы бірлік тұтастай ұсынылып, әртүрлі ғылым саласының мамандары тарапынан шығарманың шығу тарихы мен аңызы, туынды шығарылған дәуірдің тарихи жағдайы, күйдің тақырыбы мен символдық мәні, орындаушы шеберлігі, нұсқалары, автордың өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты ақпараттарды толықтырып отырады. Пікірталасқа емес, күй тыңдау үшін жиналған топ бір-бірін қайталамайтын қызықты, мәліметтермен көпке ұғыныңқы қарапайым тілде әңгіме өрбітеді.

Қысқа мерзімде (төрт ай) жіберілген танымдық тележобаның бір-біріне тақырыптық қырынан ұқсамайтын хабарлары көрермен ықыласына бөленді. Нақты тоқтала өтсек, «Ақсақ құлан», «Аққу» күйлеріне, Қорқыт шығармашылығына, сыбызғы аспабына, жыр-күйлерге, Байжігіттің – «Көкбалақ», Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш», «Қайран Нарын» туындыларына арналған хабарлардың әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде түсірілді.

Хабардың құндылығы – ондағы ақпараттардың жастардың бойында ұлттық руханияттық құндылықтарды қалыптастыру мен адамгершілікке тәрбиелеп, төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауға бағытталғандығында. Бұл орайда бағдарламаның жүргізушісі өнертанушы Әлия Сабырова былай дейді: «Қатысушылар әр хабарға үлкен дайындықпен келеді. Тарихшы, әдебиетші, мәдениеттанушы, орындаушы бір-бірінің пікірлерімен санасып, қызықты әңгіме-дүкен құруға тырысамыз. Бірде маған философия ғылымдарының докторы А.Наурызбаева: «Сіздің хабарыңыз мәдениетімізге деген мақтанышымызды арттырып, оған құрмет сезімін оятады» деген еді. Көрермен тарапынан мұндай жылы лебіздерді көп естимін. Өкінішке қарай, бұл хабар тоқтап қалды».

Қазақтың күй мәдениетімен қызықты таныстыратын тележоба авторы Көбей Қожабеков бірінші кәсіби мамандығы бойынша – скрипкашы. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, Мәскеудегі әйгілі П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясында білімін жетілдірген музыкант. Бұл – еуропа академиялық музыка аспабын жетік игерген Көбей Ілиясұлының екінші кәсіби мамандығы бойынша алғаш жобасы. Жас продюсер тыңдаушысына қазақтың үздік күйлерінің мазмұн-мәнін түсіндіруге мүмкіндік туғызу үшін ұлттық өнерді тануда өткен мен бүгіннің диалогын жасады. Әртүрлі ғылым салаларының белгілі мамандары шақырылып, тарихшы, әдебиетші, философ, музыкатанушы, мәдениеттанушылар соңғы жылдар ізденістерінен туған тың ақпараттарын, жалықтырмайтын әңгімелерін қызықты жеткізеді. Сонымен бірге шалғай облыстардан келген өнер өкілдері, халық артистері мен белгілі қоғам қайраткерлері де тартымды әңгімелерімен әдемі әсерге бөледі.

Қорыта келе айтарымыз, осындай танымдық, мазмұны мен өзектілігі жоғары, өз тыңдарманда­рын тауып үлгерген «Күйлер мен аңыз­дар» хабары алдағы уақытта өзі­нің заңды жалғастығын тапса екен және республикалық т­е­леар­на­лар­дан көрсетілсе екен деген тілек­теміз.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану ғылымдарының кандидаты 

AIKYN.KZ

 

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
Жарияланды: БАҚ біз туралы

Loading...

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз