+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Этномәдениет – игерілмеген үлкен әлем

  • 24.12.2014

Ақпараттар ағыны, түрлі мәдениеттер тоғысы бір сәтке де толастамайтын қазіргі уақытта қай халықтың да өз бейнесін, өзіне тән мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап қалуы маңызды. Өйткені, ол – сол ұлттың ең басты рухани төлқұжаты. Міне, осы тұрғыда былтыр ғана көрерменімен қауышқан «Мәдениет және білім» арнасы біраз тер төгуде.

Біздің тілшіміз арнаның директоры Бақыт ҚАЙЫРБЕКПЕН кездесіп, оған бірнеше сауал қойған болатын.

– Бақыт Ғафуұлы, бірінші­ден, бұрын әрқайсысы жеке арна болған екі саланың, мәде­­ниет пен білімнің бірге то­ғысуы сіздердің жұмыста­ры­ңызға қа­лай әсер етті? Тұжы­рым­дама­л­а­рыңызға қандай өз­геріс­тер енгіздіңіздер?

– Бір жыл бұрын «Білім» және «Мәдениет» арналарын біріктіру міндеті қойылды. Бұл қоғамда түрлі талқылауға түс­ті. Біреулер бір аудиторияға ар­налған екі арна неге қажет десе, енді біреулер екеуінің де өздеріне тән бағдарламалары бар еді деп өкініштерін білдірді. Бірігу бә­рібір орын алды және бір-бірін қай­талаған бағдарламаларды қыс­қартып, мықтыларын ғана қалдыруға мүмкіндік алдық. «Бі­лім­нен» бізге қалғаны – сапалы және әдемі берілген ғылыми-та­нымал контент. Бұл – білімді наси­хаттау, біздің елімізде жә­не әлемдік ғылымда болып жат­­­қан жаңалықтармен, білім беру саласындағы маңызды тақы­рыптарды талқылау. Ал «Мә­де­ниет» қазақтардың рухани мұрасын насихаттау, әлем мәде­ниетінің және заманауи мәдениет трендтерінің үздік үлгілерін паш етуге құрылған.

Әрине, бұл жаңа арнаның тұжы­рымдамасына өз әсерін тигізді. Қазір біз мәдени-ағарту арнасы ретінде жұмыс істейміз, ұлттық, әлемдік мәдениетпен және ғылыммен танысқысы келетін кез келген адам үшін жан-жақты білім беретін қолжетімді құралға айналуды мақсат тұтамыз.

– Қазіргі күні телеарналармен қатар барлық баспасөз түрлеріне ғаламтор – Интернет мықты бәсекелес болып тұр де­сек, артық айтқандық емес. Осы тұрғыда сіздің арна не іс­теу­де, жалпы, бұл мәселедегі өз көз­қарасыңыз қандай?

– Жаңа медиа деп аталып жүр­ген Интернет пен әлеуметтік желілер – біз үшін әрі үлкен бәсе­келес, әрі жұмысымызға демеу болуда. Бұқара қазір қандай бір ақпаратты дәл ұсынған күйінде қабылдайды. Алайда, түбінде медиатұтыну мәдениеті пайда болады, яғни көрермен, тұтынушы таңдау жасауды үйренетіні хақ.

Интернеттің арқасында бізде көптеген функциялар пайда болды, БАҚ қазір өте бір нысана­лы, анағұрлым кәсіби бола түс­ті. Бүгінгі кезеңде шынайы уа­­қыт режімінде жаңалықтар хабар­­лауға болады, мұнымен еш­кім­ді таңғалдыра алмаймыз, бірақ жоғары сапалы кон­тент­ті беру, адамгершілік, руха­ни тәр­тіптің үлгілерін тарату бәрі­бір блогерлердің қолынан келмейді. Бұл тұрғыда БжМ теле­арнасы бәрінен озық тұр. Біз аудиторияға барынша жа­қын болуға ұмтыламыз. Бағдар­лама­ларда онлайн көреміз деген көрер­менімізге жол ашық. Бізде bmtv.kz деген өз сайтымыз бар, онда бағдарламалардың барлық шығарылымдары салынған. Олар­ды талқылағыңыз келсе, әлеу­меттік желілер бар. Біз же­дел бо­луға талпынбаймыз, біз­дің мақ­сатымыз – сапалы, көр­кем, барынша сауатты жасау, мате­риалдың мәдениет, ғылым, этнография, тарих, әдебиет бойынша нағыз оқулық бола алатындай бағдарламаларды көрерменге ұсыну.

Мысалы, «Мода Великой степи» бағдарламасы отандық ТВ тарихында алғаш рет қазақ киімдерінің тарихы туралы мәселе көтерді және нәтижесінде тек сән тарихы жайында ғана емес, Орталық Азия аумағындағы мәдениеттердің байланысы туралы қызықты зерттеу пайда болды. Айтылған пікірлерге сенсек, жоба Өнер академиясының өнертану және дизайн кафедрасы үшін пайдалы ақпарат көзіне айналған. Осындай жақ­сы мысалдардың арқасында біздің сайтта Қазақстанның этно­мәдениеті, ғылымы, білімі бойынша мультимедиалы энциклопедия жасау идеясы пайда болды. Ақпаратқа ие сарапшылардан, ғалымдардан тікелей алынған фото, бейне, мәтін түріндегі материалдар орын тебеді. Бізбен елдің барлық мәдениет, білім ұйымдары әріптестік орнатуының өзі біраз жайдан хабар берсе керек.

– Сіздің өз шығарма­шы­лы­ғыңыздан орын алған хал­қымыздың этномәдениетіне қа­тысты дүниелер көрер­мен­дердің тарапынан ыстық ықы­ласқа ие болды. Теле­арнада осы тәжі­ри­беңізді қалай пайдаланып жүр­сіз? Жалпы, телеар­налардағы режиссура мен операторлық өнер өз биі­гінде деп ойлайсыз ба? Оларды дамыту үшін не қа­жет деп ой­лай­сыз, осы салаларда шебер кәсі­би мамандар тап­шылығы сезіле ме?

– Елдің этномәдениеті әлі игеріл­меген үлкен әлем. Мысалы, дәстүрлі музыканы алайық. Аңыз күй – әңгімелеуден және музы­кадан құралған бірегей жанр. Бізде ұлттық музыканы концерттік шығарма ретінде қабылдауға үйретеді ғой. Осының кесірінен біздің музыкамыздан мағына кетті. «Легенды и кюи» бағдарламасында өткен шақтың атмосферасын қалпына келтіруге тырыстық. Сонымен қатар, ән дәстүрінің аз зерттелген тағы бір тармағы бар – ол авторы болса да, уақыт өте ұмытылып, «халықтық» деп аталып кеткен әндер. Мысалы, Пшан секілді тұлғалар бар. Осы әрі ақын, әрі композитор 30-жылдары қуғын-сүргінге ұшырап кетті де, оның шығармашылығына қысым көрсетілді. Сол себептен, халық ол дүниелерді Пшандыкі еді деп айта алмай, оның әндері ауызша, жасырын түрде авторы айтылмай таралып, «халықтық» аталып кеткен. Мойындалған авторлық әндер де бар, олардың бәрі зерттеуді, жарыққа шығаруды қажет етеді. Сондай-ақ, халқымыздағы сал-сері дәстүрі, шетелдегі қазақ диаспораларының мәдениетінде ғана сақталған әуендер, арна назарына түсіп, олар жайында «Песни любви» жобасында айтылды.

Мен «Этимология образа» бағдарламасының авторы болдым, онда біз мәдениетіміздегі маңызды образдардың қай­нар көздерін, салт-дәстүр мен жо­­ралғылардың ата-ба­балары­мыздың көзқарастарымен, тү­сінік­терімен тығыз байланысы барлығын ашып көрсеттік. Бұл қазақ этномәдениетінің тек аз бөлігі ғана. Бұлардың бәрі ауди­торияның қызығушылығына ие. Телевизия – кино емес, ол ойларды тез іске асыруды, апта сайын эфирге материал беруді талап етеді. Алайда, біздің жобалары­мыз арқылы режиссураның жоға­ры деңгейін ұстап тұра аламыз ба, жоқ па, оған өздеріңіз баға бере аласыздар. Бізбен Қаза­қстан­­­­ның ірі продюсерлік орта­лық­тары әріптестік орнатқан, олардың ішінде озық режиссерлер мен операторлары бар. Бәрі керемет дей алмаймыз, мұны түсінеміз және жақсартуға тырысамыз. Сапаны жақсартудың үздік тәсілі – тәжірибе. Алға қойылған мақсат, міндет жоғарылаған сайын оны игеру қызық бола түседі. Режиссерлер мен операторлардың жетіспеушілігі туралы айтатын болсақ, олардан гөрі авторлар мен талантты сценарийшілер аз дер едім. Бұл жайт жалпы осы саладағы индустрияға қатысты мәселе дер едім.

– Сіздің арнаны тамаша­лаушылардың білім мен мәде­ниетке қатысты өзіне қажетті біраз дүние табатынына сенім­дімін. Алайда, бұл ересектерге қатыс­ты, ал балалар үшін ол аз­­дау ма деп қалдым. Бұған не айта­сыз?

– Қазір біз контентті түзетумен айналысудамыз, жаңа маусымда балаларға, жасөспірімдерге арналған бағдарламалар көбейе түседі. Қазіргі балалардың мүм­кіндіктері бұрынғыға қар­а­ған­да жақсырақ. Оларда қазір Интернет, түрлі гаджеттер бар, сондықтан теледидарды оқу­лық ретінде қарастырудың қаже­ті жоқ. Теледидардан тынық­ты­ратын, ойын-сауық бағы­тын­дағы дүниелерді күтеді. Біз мұны бере аламыз, сонымен қатар, білімге баули да аламыз. Бұлар – қазіргі кезде танымал болып кеткен edutainment (екі функцияның қосындысы – білім және ойын-сауық) жанрын­дағы бағдарламалар. Мұндай қолжетімді, әдемі, көркем бағдар­ламалар бізде пайда бола бастады, ал келесі жылы олар­дың эфирдегі үлесін арттыра түсеміз.

– Арнаның алдағы жоспарларымен бөліссеңіз, көрермендер үшін қандай жақсы жаңалықтар айтар едіңіз.

– Арнамыз әлі «сәби» екенін ұмытпау керек. Ол медианарықта бір жыл бұрын ғана пайда болды. Бұл рейтинг жаулап алуға аз уақыт, бірақ өз тұжырымдамасын, командасын, стилін қалыптастыруға жеткілікті. Көрермендердің пі­кіріне, сарапшылардың хаттарына сенсек, біз өз аудиториямызды жинап үлгердік. Алдағы уақытта көрермендерді мәдени, көркем, білім беру бағдарламалары күтіп тұр. Көптеген шоулармен, концерттермен, блокбастер­лермен, айтулы юмористермен, шетелдік және отандық жұлдыздармен бәсекелесу, әрине, оңай емес, бірақ көрерменге рухани дүние іздесеңіз, эстетика, ғылым, мәдениет, тұрғысынан сусындағыңыз келсе, БжМ арнасына хош келдіңіз дейміз. Ал біз көрсетілімдерді барынша тартымды етуге тырысамыз.

Әңгімелескен

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

 

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
Жарияланды: БАҚ біз туралы

Loading...

Пікір қалдырыңыз

Ұсынамыз