+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйіне фото шолу

  • Сәрсенбі, Қаңтар 28 2015

Мұражайдың мақсаты - болмысымыз жоғалып кетпес үшін қазақ ұлттық әдебиетінің, тіл білімінің, мәдени тарихының негізін салған кісінің кім екендігін ұмыттырмау. «Өткеніміз арқылы болашақ болады» дегенді бүгінгі ұрпаққа таныту.

 

 

 

Ахмет Байтұрсынов Алматы қаласында қызмет істеп жүргенде тұрған үш үйі болған екен. Оның жазбалары арқылы осы үш үйдің орнын зерттеушілер анықтаған. Алайда ол тұрған екі үй қалада жаңа құрылыстар басталғанда алынып тасталынған болып шықты. Соның ішінде тек Ахмет Байтұрсынұлы МҰРАЖАЙ-ҮЙІ ғана қалған. Ахмет Байтұрсынов бұл үйде 1934-1937 жылдар аралығында тұрған.

 

Ахмет Байтұрсынов саяси қуғын-сүргінге ұшырап айдаудан келгеннен кейін, көпшілік оны «халық жауы» деп, қол созып, көмек көрсетуден қорқақтаған еді. Сол кезде оның қызы Шолпан мен күйеу баласы осы үйді қамқорлыққа алады.

 

Ахмет Байтұрсынұлы мен Бәдрисафа апаның (Бәдрисафа - А. Байтұрсыновтың әйелі Александра Ивановнаға қойған аты. Бұл есім арабшадан аударғанада «Бадрун» - толық ай, «сафа» - кіршіксіз таза деген мағынаны білдіреді) туған балалары болмаған. Олардың бауырларына салып, асырап алған Аумат, Қазихан және Шолпан деген үш балалары болған. Аумат пен Қазихан ертеректе қайтыс болып кеткен. Ал Шолпан халық жауының қызы ретінде Бәдрисафа апамен бірге айдауда болған.

 

Мұражайда үш зал бар:
1. Қайта оралу - мұнда Ахмет Байтұрсыновты ақтау туралы анықтамалар, оған көрсетілген құрмет қағаздары бар. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсыновқа берілген «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» деген медальдары сақтаулы тұр.
2. Қазақ санасының шам шырағы - ғалымның мектептегі күндерінен бастап, «халық жауы» атанып ұсталып кеткенге дейінгі өмір жолдары мұрағат құжаттары негізінде сақталған. Бұл залдың маңызды құжаттың бірі ғалымның жары Бәдрисафаның Дала губернаторына жазған - «Жеделхаты» болып табылады. Ресми хат 1909 жылдың 5 тамызында жолданған.

 

Үй мұражай ретінде 1998 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ресми түрде ашылды. Алайда, Ахметтің қызы Шолпан бұл үйдің ашылғандығын көрген жоқ. Бүгінде мұражайға Байтұрсынов Серік Самратұлы төрағалық етіп отыр.

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
4765





Пікір қалдырыңыз