+7(7172)701 011
bm@khabar.kz



Қытай қазақтарының Гиннестің рекордтар кітабына енген кереметтері

  • Сейсенбі, Сәуір 07 2015

 

 

Қытайдағы қазақтар әлемге қазақ атын паш ету үшін талай еңбек етіп келеді. Толайым табыстары – Гиннесс рекордтар кітабына да енді.

Ендеше солардың бірнешеуін санамалап көрейік:

1. ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Тарбағатай аймағының Дөрбілжің қазақ ауданында «Қазақ ұлтының дәстүрлі тағамдары» жәрмеңкесінде Гиннестің рекордына қазақтың қазысы ұсынылды. Бұл қазыны жасаған – Емілдің іскер азаматы Жарқын Бармақұлы. Қазының жалпы ұзындығы – 1111 метр. Ал салмағы – 4572 кг. Суреттегідей диаметрі 6.5 метр алып табаққа қойылған кезде айналма қабаты 71 қатар, ал биіктігі 4 метрге жеткен. Жалпы қазыны жасап шығуға 44 жылқының еті кеткен көрінеді.

Бір қызық дерек, осы қазының тек он метрі бәссаудада сатылыпты. Қызу бәсеке барысында 10 метрлік қазыға бір кәсіпкер ұйғыр азаматы 12700 долларға дейін ұсынса, «Жібек жолы» компаниясының директоры Майра есімді қазақ қызы 14200 долларға дейін, ал тағы бір қытай азаматы 16000 доллар шығаратынын айтқан. Ең соңында «Сая» өнер мектебінің директоры, жас ағартушы Бағдана Әділқанқызы 20000 долларға жуық бағамен сатып алған. Небары, 10 метр қазының осындай бағаға сатылуының өзі бір рекордқа татитыны рас.

2. Етегі 50 қатпарлы көйлек

Шыңжаң қазақ мәдениеті ғылыми қоғамы ұлттық киім-кешек, қолөнер, кестешілік тобының басшысы Зиятхан Айдарханқызының мұрындық болуымен еуразиялық киім көрмесіне апарған ұзындығы – 3,37 м, етегінің кеңдігі – 12,30 м, елу қатпарлы үлкен қазақ көйлегі Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді.

3. Ең кішкентай домбыра

Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған шынашақтай домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Домбыраның ұзындығы – 4 см 5 мм, ені – 1 см 4 мм. Оны жасаған 29 жастағы Болатбек Кәрімханұлы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданы Егізтөбе ауылында дүниеге келген. Мамандығы – электрик.

4. Ең үлкен таба нан

Шанхайдағы қазақ шеберлері пісірген «Ең үлкен таба нан» Гиннестің рекордтар тізіміне енген. Таба нанды пісіруге 8 қап ұн, 97 литр сиыр сүті, 200 жұмыртқа, 6 келі сары май жұмсалған. Бұл таба нанның диаметрі – 2,53 м, қалыңдығы – 14,5 см.

5. Алтай қазақтарының 56 түрлі шайы

Алтайда (Қытайда) қазақтар 56 түрлі шай даярлап, Гиннесс рекордтар кітабына енгізген.

Алтай қалалық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің бастығы Серік Әбдіғали шайды үш тоққа бөледі. «Біріншісі – дәстүрлі шай. Оған әдетте ішіп жүретін сүт қосылған шайдың түрлері жатады. Олар – қызыл шай, кемпір шай, бала шай деген секілді болып кете береді. Ал екіншісі – мәнерленген шай. Яғни, тары салынған, ірімшік салынған, май қатқан, сүйек қосылып қайнатылған шайдың түрлері. Үшіншісі – дәрілік шай түрлері. Оған әртүрлі дәрілік өсімдіктер қосылып қайнатылған шайдың түрлері жатады» деп сипаттайды ол.

6. Әлемдегі ең үлкен сырмақ

Мори ауданындағы қолөнер шеберлері әлемдегі ең үлкен сырмақты басып шықты.

Қытайлық Тяньшань ақпарат порталының жазуынша, ағымдағы жылдың 29 қаңтар күні ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Мори ауданының тігіншілері әлемдегі ең үлкен киіз үй мен сырмақты жасап болып, туристерге көрсеткен.

Диаметрі – 32 метр, шеңберінің ұзындығы – 101 м, ауданы – 803.8 шаршы метр болатын бұл сырмақты жергілікті 33 қазақ тігінші әйел 5 айдай уақыт жұмсап, жасап шыққан. Сырмақтың үлкендігі соншалық, оның үстіне 2000 адам малдас құрып жайғасып отыра алады екен. Сондай-ақ осы елді мекенде әлемдегі ең алып киіз үйдің орналасқанын да айта кеткен жөн.

Бұл киіз үй мен сырмақ, «Ең үлкен қазақ киіз үйі» және «Ең үлкен қазақ сырмағы» екі аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына кірген.

Жобаның бас тігіншісі Айымхан ханым: «Қазақ сырмағының көптеген түрлері бар, бұл гүлді оюмен көмкерілген сырмақ – ең қарапайым түрі. Бірақ бұны жасаудың өзі көп еңбекті талап етеді. Бір сырмақты толығымен басып, ою салып шығу 11 кезеңнен тұрады. Әдетте, бір тігінші әйел ұзындығы – 4 метр болатын қарапайым сырмақты жасап шығудың өзіне бір жарым жылдай уақыт жұмсайды. Ал біз әлемдегі ең үлкен сырмақты 5 айға жетпес уақытта жасап шықтық», - дейді.

Жобаға қатысушы, жасы66-ға жеткен, ісмер тігінші Алтын әжеміз былай дейді: «Қазақ сырмағы көшпенді мәдениеттің бір көрінісі. Ол алып жүруге қолайлы, суыққа төзімді, өзі әдемі және көп жылдар бойы қолданысқа жарамды. Біздің бұл сырмақты тігуіміздегі мақсатымыз – қазақтың осындай керемет мәдениеті мен қолөнерін барша жұртшылыққа паш ету, келесі ұрпаққа жеткізу».

Жергілікті биліктің қолдауының арқасында Қытайдағы бұл аудан қазақ тігіншілік өнерін дамытуды қолға алып отыр. Ауданда 2 тігінші серіктестік, 18 кооператив жұмыс жасайды, 4000-ға жуық жергілікті тұрғын тігіншілік жұмысқа тартылған. Ауданнан шыққан өнімдерді туристер сатып алады, сондай-ақ, Қытай нарығында зор сұранысқа ие.

Қытай қазақтары бұнымен шектеліп қалмады және шектелетін де түрі жоқ. Бұған дейін «Кеңес» күйін 10 мың шыңжаңдық қазақтың жиналып, бір мезетте тартуы рекорд ретінде тіркелген. Тағы да 10 мыңнан астам адам «Қара жорға» биін билеп, Гиннестің рекордтар тізіміне енгені мәлім. Бізге беймәлім рекордтар да бар шығар. Осының барлығы қазақ мәдениетінің, өнерінің қаншалықты сан-қырлы, көркем, бай екенін көрсетеді. 

 

www.inform.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

АҚПАРАТ ҚЫЗЫҚТЫ МА? ДОСЫңМЕН БӨЛІС:

Талқылау
4504





Пікір қалдырыңыз